Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр.
➡️Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте дана қазақ “баламыз тез жүріп кетсін” деген ниетпен, сәбидің тұсауын кестіріп, думандатын той жасайды.
➡️Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала сүріншек, болашақта жығылғыш болады деп пайымдайды. Ал тұсауы кесілген бала біреудің ала жібін аттамайтын адал, жолы ашық азамат болады деп санаған.
➡️Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кеседі.
➡️Баланың тұсауын жиналған көпшілік арасынан шаруаға икемді, елгезек, қимылы ширақ, іске епті қасиеттерімен көзге түсетін қағылез, пысық адам таңдалып алынып, соған кестіреді. Болашақта бала сол адам секілді үлгі тұтарлық азамат болсын деген ниетпен пысық адам таңдайды.
Тұсау кесуші әже немесе әйел тәй-тәй басқан баланың аяғына ала жіп байлап жатып:
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Тақымыңды жаз, балам,
Қадамыңды қарайық,
Басқаныңды санайық.
Қаз-қаз,балам, жүре гой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың.
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер.
Жүгіре қойшы құлыным,
Желбіресін тұлымың,
Елгезек бол, ерінбе.
Ілгері бас, шегінбе,- деп өлеңдете отырып, тұсауын пышақпен кеседі.
➡️Содан кейін тұсауы кесілген баланы жайылған ақ матамен немесе кілеммен қолынан жетектеп жүгіртіп, шашу шашады. Ал баланың ата-анасы тұсау кесушіге кәдесін табыстап, арнайы «тұсау кесер» сыйлығын береді. Кейбір жерлерде кілемнің үстіне кітап, қамшы, аспап секілді түрлі заттар қойып, балаға таңдатады. Бала қайсысын таңдаса, сол салаға бет бұрады деп есептейді.
#қазақтыңұлттықрәсімдері#тұсаукесер

